21.06.2021, 10:22
Қараулар: 22
Шаңғышылар жазғы маусымды сәтті өткізуде

Шаңғышылар жазғы маусымды сәтті өткізуде

Орал қаласындағы мәдениет және демалыс саябағында шаңғы роллерінен көпшілік жүгіру фестивалі өтті. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылған спорттық шараны облыстық шаңғы жарысы федерациясы ұйымдастырды. Жастар арасында шаңғы спортына деген қызығушылықты арттырып, көпшілікті салауатты өмір салтын ұстануға шақыруды мақсат еткен фестивальге Бөрлі, Бәйтерек, Теректі аудандары мен Орал қаласынан келген шаңғышылар қатысты.
Қызықты шараның ашылуында сөз алған облыстық шаңғы жарысы федерациясының президенті Ерікқали Бисақаев жиналған спортшыларға ризашылығын білдіріп, соңғы жылы өңір шаңғышылары үлкен жетістікке жеткенін атап өтті.
-Аталмыш шараны ұйымдастырудағы басты мақсат – облыс аумағынан спортқа дарынды ұл-қыздарды іріктеу. Сонымен қатар соңғы жылдары қарқынды дамыған шаңғы спортымен шұғылданушы жастар мен аға буын өкілдері арасында ашық диалог қалыптастырып, спорттың осы түрін дамытуға күш салу болды. Құрылғанына көп болмаса да федерация жұмысы өз нәтижесін көрсетті. Биылғы маусымды шаңғышыларымыз сәтті аяқтады. Алдағы жылдарға қойылған мақсат үлкен. Сондықтан облыс спортшылары тізе қосып жұмыстануы керек,-деді өз сөзінде облыстық шаңғы жарысы федерациясының президенті Е.Бисақаев.
Кейін Ерікқали Ғұмарұлы Ислам Сагиналиев, Владимир Пивин, Жасқанат Еслямғалиев сынды шаңғышылар мен бапкерлерге мақтау қағаздар мен бағалы сыйлықтар тарту етті. Сондай-ақ федерация атынан бөрлілік жас спортшы Мадина Жақсылықоваға су жаңа шаңғы аяқ киімін сыйлады.
Фестиваль соңында 2007 жылғы және одан кіші шаңғышылар жарыс жолына шықты. Тартысты бәсеке қорытындысында Алдияр Исаев, Бахтияр Болатбек, Жуманиязов Дамир сынды спортшылар ұлдар арасындағы жарыстың алды болса, қыздар бәсекесінде Самал Асылбекова, Жанерке Тудахунова мен Мадина Жақсылықова бәйгенің алдын бермеді.
Бұдан бөлек ересек спортшылар мен шаңғы жарысы ардагерлері де жарыс жолына шығып, жас спортшыларға үлгі көрсетті.
Соңында үздік шаңғышылар медальдармен марапатталды.

Түгелбай БИСЕН,

Бәйтерек ауданы