11.08.2021, 9:58
Қараулар: 46
Шаңғышылар Переметныйда жиналды

Шаңғышылар Переметныйда жиналды

Елдегі қиын ахуал спортшыларға да кері әсерін тигізуде. Карантин салдарынан біраз спорт тұралап қалды. Ал жарыстар тіптен тоқтап қалды.

Енді бірер айдан соң қысқы спорт маусымы басталады. Алда өтетін жарыстар мен түрлі турнирлерге оғландарымыз дайын болуы керек. Ол үшін спортшылар жиі шынығып, оқу-жаттығу жиындары өткізілгені маңызды.

Ай басында Переметныйда облыстық шаңғы жарысы федерациясының мұрындық болуымен өңір шаңғышылары мен спорттық бағдарлаушылардың бірлескен оқу-жаттығу жиындары басталды. Алдағы маусымға дайындықты пысықтап, спортшылардың техникалық, физикалық, еріктік дайындығын шыңдауға бағытталған жиынға Бөрлі, Теректі және Бәйтерек ауданының спортшылары қатысуда.

Жиын барысында шаңғы жарысынан БҚО жасөспірімдер мен жастар командасының аға жаттықтырушысы Серік Хайруллин мен Бөрлі ауданының шаңғы жарысы жаттықтырушысы Ислам Сағыналиев спортшылардың техникалық, физикалық, еріктік дайындығын шыңдауға бағытталған арнайы жаттығулар жасатуда. Сондай-ақ ойлау қабілетін дамыту мақсатында спорттық бағдарлаудан тесттік жарыстар өткізуде.

Шаңғышылардың шеберлігін шыңдауға бағытталған жаттығу жиынына Мадина Жақсылықова, Бахтияр Болатбек, Жанерке Тудахунова, Сырым Жәмил сынды болашағынан үлкен үміт күттіретін спортшылар шақыртылған. Бапкерлер көшбасшы спортшылардың жиынға қатысуы басқа спортшыларға ерекше серпін беріп, жаттығулардың сапалы өтуіне көп көмек екенін айтады.

-Жаттығу жиыны ойдағыдай өтіп жатыр. Маусым алдындағы дайындық болған соң негізгі күшті шеберлікті шыңдауға бағыттадық. Спортшылардың бабын келтіру мақсатында өтіп жатқан бірлескен жаттығудың өтуіне септігін тигізген облыстық шаңғы жарысы федерациясының президенті Ерікқали Бисақаевқа және аудандық жас туристер стансасының директоры Галина Тереховаға алғысымыз шексіз,-дейді бапкер Серік Хайруллин.

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы