22.02.2021, 11:06
Қараулар: 79
Шаңғы жолы

Шаңғы жолы

Бәйтерек ауданы орталығында көпшілік шаңғы тебу фестивалі өтті.

«Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу» жөніндегі облыстық іс-шаралар жоспарының «Ақпан айы Қазақстан – спорттық ұлт» тармағын іске асыру мақсатында оздырылған шара облыстық шаңғы жарысы федерациясының қолдауымен оздырылды. Оған спорттың осы түріне қызығушылық танытқан жұмысшы жастар мен ауыл тұрғындарынан жалпы саны 50-ден астам адам қатысты.

-Салауатты өмір салтын қалыптастырудың маңызды факторларының бірі – дене шынықтыру мен спортты насихаттау. Фестиваль ауданда қысқы спорт түрлерінің дамуына өз септігін тигізеді деген сенімдемін. Бүгінде елімізде шаңғы жарысы спорты қарқынды дамып келеді. Әлем кубогі кезеңдерінде топ жарып, жер жаһан жарысында да жүлде салған спортшыларымызбен мақтана аламыз. Ауа райының қолайсыздығына қарамай, осы фестивалге қатысуға ниет білдіргендеріңіз үшін ризашылығымды білдіремін. Баршаңыздың деніңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін,-деді шаңғышыларды құттықтаған аудан әкімінің орынбасары, облыстық шаңғы жарысы федерациясының президенті Ерікқали Бисақаев.

Қысқы спорт түрлеріне, қызығушылық танытқан жандар үшін арнайы әзірленген Деркөл өзені бойындағы шаңғы жолына шыққан спортшыларды күннің суығы да тоқтатпады. Әр шаңғышы көрсетілген жолды толығымен өтіп шықты. Әсіресе, қатысушылар ішінде бұрымдылар көп болған қуантты.

Шара соңында ең белсенді шаңғышылар фестиваль ұйымдастырушылары тарапынан берілген бағалы сыйлықтарға ие болды.

Түгелбай БИСЕН,

Бәйтерек ауданы