19.07.2021, 9:51
Қараулар: 10
Январцев жүйріктері тағы да алда

Январцев жүйріктері тағы да алда

«Uralsk Runners» жүгірушілер клубы Бөкей ордасы ауданында трейлингтік жүгірістен кезекті жарыс ұйымдастырды. Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Бөкей хандығының 220 жылдығына орай өткен спорттық бәсекеген 80-ге жуық спортшы қатысты. Өте қиын құмды жолмен салынған, спортшының нағыз бабын көрсететін жарысқа Орал қаласы мен аудандардың желаяқтары ғана емес, еліміздің Байқоңыр, Ақтау, Атырау қалаларынан да қатысушылар келді.

Жарыс қорытындысына келер болсақ, ерлер арасында алдына жан салмаған бәйтеректік Жарас Айтуаров бірінші орынды жеңіп алса, екінші орынды Сұлтанбек Өтепов, үшінші орынды Баубек Ильясов иеленді. Әйелдер арасындағы бәсекеде бәйтеректік спортшылар үздік деп танылды. Басқа қатысушылардан оқ бойы озық келген Напталья Панова жарыс жеңімпазы атанса, оның командаласы Виктория Глотова екінші, атыраулық Амина Зинорова үшінші орынға табан тіреді.

Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлерін Бөкей Ордасы ауданының әкімі Нұрлыбек Даумов марапаттады.

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы